МАҢҒЫСТАУҒА СУ ЖАҢА 16 АВТОБУС КЕЛЕ ЖАТЫР

“Каспий” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ Активтер мен инвестицияларды басқару департаментінің директоры Алтынбек Аманчаев Қарағанды қаласында орналасқан “Qaz Techna” зауытынан су жаңа 16 автобусты қабылдап алды. Алдағы 1 ай ішінде жолаушы тасуға арналған көліктер  өңірімізге жеткізіледі. Айта кету керек, қоғамдық көліктің жаңа моделі әзірге еліміздің өзге қалаларында жоқ. Жолаушылардың жайлы тасымалын ұйымдастыруға арналған қоғамдық көліктің бұл моделін алғаш боп “Каспий” ӘКК” АҚ сатып алды.

         Жаңа автобустардағы жолаушылар сыйымдылығы 78 орын. Yutong ZK 6116HG маркалы 16 автобус 5 бейне бақылау камерасымен, GPS қондырғыларымен және ауа баптағыштармен қамтылған.

         Автобустар «Каспий» ӘКК» АҚ-ның «Ақтау қаласы және Маңғыстау өңірінің автобус паркін жаңарту» жобасы аясында 7 жыл мерзімге лизнг шартымен сатып алынды. Бұған дейін осы жоба аясында 12 автобус Ақтау қаласындағы №2 маршрутты жаңалау үшін қолданысқа берілген болатын.

Қыр. 22, 2022