Ақтау автопаркі 70 жаңа автобуспен толығады

Ақтау қаласын қосымша маршруттармен қамтамасыз ету және қолданыстағы кейбір маршрут автобустарын жаңарту мақсатында 70 автобус сатып алу жоспарлануда. Автобустардың қала жеткізілу уақыты 2023 жылдың аяғына немесе 2024 жылдың басына жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен тұрғындармен есептік кездесуінде Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев айтты.

 

Аталған автобустар №3, №5, №7, №4м маршрут автобустарын жаңартуға, №8 маршрут автобустарын толықтыруға және №1, №6, №9 маршруттарын іске қосуға бағытталатын болады. 

 

«Каспий «ӘКК» АҚ директорлар кеңесінің 2023 жылғы 15 ақпандағы шешімімен «Ақтау қаласы мен және Маңғыстау облысындағы автобус паркінің қызметін ұйымдастыру» жобасы «Каспий «ӘКК» АҚ және «Каспий Авто Парк» ЖШС-мен бірлесіп келісілді. 

 

2023 жылғы 7 шілдеде «Каспий «ӘКК» АҚ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «Қазтехно» ЖШС отандық автобус өндірушісі арасында 70 автобусты сатып алу-сату шарты жасалды.

 

«Каспий Авто паркі» ЖШС автобустарды отынмен(метан) қамтамасыз ету мақсатында «Маңғыстау» индустриалды паркі» ЖШС аумағында метан-газ станциясының құрылысын бастады. Бүгінде іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Метан-газ станциясын іске қосу ағымдағы жылдың қараша айында жоспарланып отыр.

 

Сонымен қатар, 2023 жылдың қараша айында Ақтау қаласына 30 дана автобустың бірінші партиясының келуі жоспарлануда.

Қар. 2, 2023