Өңірде полимерлі қаптама шығаратын зауыт жұмысын бастады. «Достық Полимер Плюс» ЖШС бір рет тұтынуға арналған полимер ыдыстарды өндіруді қолға алып, жылына 380 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпкер полимерлі қаптама өндірісін «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» АҚ-мен бірлесе жүзеге асуда. Бірлескен жоба туралы шешім Директорлар кеңесінің 2021 жылғы 15 сәуірдегі №ДК-78/04-2021-СПК шешімімен қабылданған. Жобаның жалпы құны 368, 4 млн теңге. Оның 65, 4 млн теңгесі «Каспий» ӘКК» АҚ үлесі болса, қалған сома кәсіпкердің жеке инвестициясы.
Полимер қаптама шығаруға толық мүмкіндік беретін автоматтандырылған құрылғылармен жабдықталған зауытта 10 жаңа жұмыс орны құрылды. Қазір қызметкерлер Украина елінен арнайы алдырған технологтың тағлымдамасынан өтіп жатыр.
Жақында ғана қарқынды жұмысқа кіріскен зауыт жұмысымен басқарма басшысының орынбасары Елдан Әлібеков танысып қайтты.
«Зауыт әлі толық қуаттағы жұмысқа көшкен жоқ. Десе де қазірдің өзінде тапсырыс берушілер саны көп. Мәселен өзіміздің күнделікті шығаратын өнімімізден бөлек қарағандылық кәсіпкерлер үлкен көлемде полимер парағына тапсырыс беріп отыр. Одан бөлек көрші елдерден де тапсырыс ала бастадық», - деді «Достық Полимер Плюс» ЖШС негізін қалаушы Надежда Карась.
Қыр. 19, 2022